Жаңаөзенде ҚазМұнайГаздың қолдауымен мұнай-газ жабдықтарын шығаратын зауыт бой көтереді

Жаңаөзенде мұнай-газ өндіруге қажетті тауарлар өндіретін зауыт салынады. Бұл «ҚазМұнайГаздың» Жаңаөзенде мұнай-газ жабдықтары өндірісін қалыптастыру үшін инвесторлар тарту бағдарламасының арқасында мүмкін болып отыр.

Жаңаөзендегі жаңа зауыт жылына 51 мың тонна құбыр өнімдерін, 540 мың бірлік сорғы штангаларын және 100 бірлік мұнай жылытқыштарын өндіретін болады. Кәсіпорын келесі жылы пайдалануға беріледі деп жоспарланған.

Бағдарламаға сәйкес «ҚазМұнайГаз» Жаңаөзенде ҚМГ мен оның еншілес ұйымдарына қажетті жабдықтар мен тауарлар өндірісін салуға кепілдік беретін компанияларды (әлеуетті инвесторларды) іріктейді. Бұл үшін компания қажетті тауарлар тізбесін бекітіп, сатып алу тәртібіне өзгерістер енгізді. Мұндай кәсіпорынды салатын алғашқы инвестор – «Каскор-Машзавод» ЖШС. Аталған бағдарламаға «Өзенмұнайгаз» АҚ бастамашылық етті.

24 сәуірде Жаңаөзенде «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ Басқарма төрағасы Мағзұм Мырзағалиев пен Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаевтың қатысуымен болашақ зауыттың іргетасын қалау рәсімі өтті.

Жаңа зауыт құрылысына 17 млрд теңгеден астам инвестиция салу жоспарланып отыр. Сондай-ақ Жаңаөзен тұрғындары үшін 250-ден астам жаңа жұмыс орнын ашу жоспарда. Олар оқудан өтуіне қарай 3 жыл ішінде кезең-кезеңмен жұмысқа орналасатын болады. Осылайша, жаңа өндіріс орны импортты алмастыруға, аймақ экономикасының өркендеуіне, жергілікті және республикалық бюджеттерге салық түсімдерінің артуына үлес қоспақ.

«Жаңаөзенде жаңа зауыт салу – бұл инфрақұрылымға ғана емес, өңірдің келешегі мен тұрақтылығына жасалған құнды инвестиция. Біз экономика мен әлеуметтік тұрақтылықты нығайта отырып, жаңа жұмыс орындарын ғана емес, қаланың әрбір тұрғынының дамуы үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашамыз. Бұл зауыттың іргетасына қаланған әрбір тас – қаланы дамытуға деген ниетіміздің белгісі. Жоба – стратегиялық инвестицияның қалалардың дамуына тигізетін оң әсерінің жарқын мысалы деуге болады. Біз Жаңаөзенді өз үлгісімен компаниямызды ғана емес, бүкіл өңірді табысқа жетелейтін дамыған өнеркәсіп орталығы ретінде көргіміз келеді», — деді М.Мырзағалиев.

«Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес өңірде жаңа жұмыс орындарын ашу, инвестиция тарту бойынша жоспарлы жұмыс жүргізілуде. Былтыр қыркүйекте облыс әкімдігі мен «ҚазПетроДриллинг» компаниясы арасында Жаңаөзен қаласында зауыт салу жөніндегі жобаны іске асыру бойынша өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды. Бұл жоба жаңа жұмыс орындарын ашып қана қоймай, өңірдің экономикасын әртараптандыруға ықпал ете отырып, жергілікті бюджетке түсетін түсім көлемін арттырады. Өндірістік тиімділікті жақсартуға баса назар аудара отырып, өңдеу өнеркәсібі мен отандық өндірісті дамыту жөніндегі шараларды жалғастыру қажет», — деді Н.Ноғаев.

Scroll to Top